Мөлдірбұлақ  |  Мекенжайымыз
Eyl 09, 2010
Әлеумет Бастапқы б...
Саясат
Экономика
Мәдениет
Қоғам
Қамшыбасар
Аймақтар айнасы
Әлеумет
Жанайқай
Түрік дүниесі
Жер жаһан
Білім
Руханият
Дін
Тарих
Отбасы
Жатыпоқыр

Әлеумет

Қытай Іле мен Ертісті бөгесе, ұлардай шулап қаламыз!

Соңғы онжылдықта қарыштап дамыған Қытай экономикасы өз саясатының жемісін жинауда. Көршіміздің жеткен жетістіктері таңғаларлық жағдайда екенін бар адамзат мойындай бастады. Жетпісінші жылдардан кейінгі бұл елдегі технологиялық-инновациялық өзгерістер бір миллиардтан аса халықты асырап қана қоймай, басқаларға талғажау болуға да жарап тұр. Бір ғана Ресей елінің газотрансферлік саласына 25 миллиард доллар қаржы салып, Қиыр Шығысындағы ауыл шаруашылығының 60 пайызын осы елдің кәсіпкерлері игеріп жатыр.


Etkileşim Kutusu
İşaretle & Paylaş
Video Foto Ses
Yazıcıya Gönder Arkadaşına Gönder
Yorum yaz
Yorum Oku

Бос жатқан жерді игеріп, мемлекетке орасан зор пайда әкеліп жатқан қы-тай кәсіпкерлерін, яғни арзан жұмысшы күшін ешкімнің кеудесінен итермесі анық. Бірақ, алып Ресейдің өзі осы жағдаймен санаспасқа амалы қалмағандай. Ресей баспасөздерінің Қиыр Шығыстағы қытай экспансиясын айтып шулағандарына да көп болды. Бұл жақтағы демографиялық өзгерістер Ресей зерттеушілерін қатты алаңдатып отыр. Аралас некелердің саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.

Арақ ішетін, әйелін ұратын, ақша таппайтын, рухани азғындаған орыс мұжығы мен ақшаны шытырлатып санаған қытай кәсіпкерін салыстырғанда әйел заты үшін оның ұлты мен тілі, ділі ешқандай роль атқармайды. Аралас некенің жетекші күші де осы болып тұр. Бұл жағдай біздің баспасөз беттерінде жиі айтылмағанмен, осы күні нақ орын алып отырған жағдай. Көрші елдің азаматтарын жиі кездестірмеген, бұл жағдайға күмәнмен қарайтындар әуежайға барып, Атырау, Ақтау, Ақтөбе әуерейстерінің жолаушыларына көз жүгіртсе жетіп жатыр.

«Бізге қазірше қысық көзді көршіміз демографиялық қауіп төндірмегенімен, экологиялық қауіп төндіріп отырғанын ашына айтқым келеді», — дейді редакцияға арнайы іздеп келген Мұстафа Ерденеұлы есімді оқырманымыз. Ол жуырда Қытайға сапарлап барып, анау-мынау техника бара алмайтын 130 шақырымдай жерлерді мотоциклмен аралап, Ертіс пен Іленің жағдайын көзімен көріп қайтыпты.

— Ертістің бас жағынан бұрылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Шыңжаңның мұнай өндірісті Қарамай облысы суға зәру аудандардың бірі боп есептеледі. Осы мәселені шешу мақсатында қыруар қаржы бөлген Қытай үкіметі Алтайдан бастау алатын Ертіс өзенін әдейі қолдан бұрып отыр. Әзірге оның плотинасы мен каналдық құрылысы біткенімен, суды толық бұра қойған жоқ. Ертең бұрған күні не болатынын көз алдыңызға елестетіңіз. 8 шілдеде «КТК» телеарнасы Ертісте шаян атаулы қырылып жатқанын көрсетті. Тиісті орындар бұл апаттың неден келгенін әлі күнге біле алмай дал. Шаяндарға келген қырғын ертең адамдарға келмесіне кім кепіл? Ал экономикалық құлдырау өз алдына жеке проблема болары анық. Су деңгейі төмендеген соң өзеннің, Зайсан көлінің айналасындағы ауылшаруашылық секторы бірінші кезекте қиыншылыққа тап болады. 2006-07 жылдары ары-бері өтіп жүріп Іле өзенінің 1,5-2 метрге төмен түскенін көргенде төбемізден жай түскендей болды. Ол жағдайды Қапшағай көпірінен өтіп жүрген халықтың бәрі көрді. Басқаны қайдам, өзім жантүршігерлік халде болдым. Атам заманнан ата-бабамыздың тіршілігінің қан тамыры іспеттес Іленің мұншалықты бейшара күйге неліктен түскенін түсінбей басым дал болды. Содан бері Қапшағай көпірінен өткен сайын себебін білер күнге жеткенше асықтым.

Жалпы, Іле өзені Қас, Текес, Күнес деген үш өзеннен бастау алады. Бұлар Хан тәңірі тауларынан шығып, Қытай жерімен 300 шақырымдай жүріп, Іле өзеніне айналып Қазақстан жерімен Балқашқа құяды. Қас өзенінің бойына салынған Жырынтой ГЭС-ін көзімізбен көрдік. Құрылысы 2005 жылы аяқталған бөгеттің ұзындығы 30 шақырымнан асады. Бөгеттің биіктігі 2000 метрден асатын екі таудың ортасында салынғанын ескеріп, мұнда қанша мың текшеметр су жиналатынын есептей беріңіз. Енді осы суды пайдаға асыру мақсатында басқа да әрекеттер істелініп жатқанына көз жүгіртелік. Соның бірі сусыз аудан болып есептелетін Жаң ауданы үшін, басын қар басқан Еренқабырға тауын тесіп, туннель жасап жатыр. Еренқабырға тауындағы туннельді тауып суретке түсіріп қайтуға қалтадағы қаржы мүмкіндік бермеді. Білетіндердің айтуынша, туннельдің құрылысы 2011 жылы бітіп, пайдалануға берілуі керек. Дәл осындай бір емес, екі ГЭС-ті Текестің бойына қонжитқан көрінеді. Барып көруге, әрине, уақыт мұрша бермеді. Алдағы уақытта ескереміз деп ойлаймыз. Мынадай тауды тесіп жатқан қытайлар Текестің суын насоспен сорып алуы да ғажап емес. Алматының түбіндегі ауылдарда су мәселесін шеше алмай отырғанда, Іле тартылса, ұлардай шулап қалмас па екенбіз. Бұл ГЭС-тер салынған жерлер техтоникалық қыртыстардан тұратын сейсмикалық аудандар екенін әсте естен шығармауымыз керек. Құдай сақтасын, ертең 8 баллдық жер сілкіне қалса, бәрімізді жинап апарып Балқашқа бір-ақ құяды. Осы бөгет суының жүзден бір бөлігін құрайтын Қызылағаштың не болғанын жақсы білеміз. Ондай апат орын алып жатса, «мынауыңа жауап бер!» деп Қытайдың жағасынан алатын пәрмен бар ма бізде. Сондықтан қауіпсіздік шараларын жасап, әрқашан сақ отыруымыз керек, — дейді Мұстафа.

Шынында, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселелерді өз ынтасымен зерттеп, биліктің құлағына жеткізуге тырысқан азаматтың қаупі негізсіз емес. Бұл орайда біздің Үкіметке сақтандыру шаралары аясында жасалған қандай да бір келісімдерді халықаралық дәрежеде заңдастырып алу — басты шарт. Бұл қиын істің шешілуін еліміздің сақтандыру саласындағы білікті мамандарға тапсырған абзал. Сосынғысы — арнайы комиссия құрып, істің дұрыс шешілуін үкімет орындарынан талап етуіміз қажет.

2003 жылы ҚХР төрағасы Сянь Цзиминь мен Президент Н.Назарбаевтың кездесуі кезінде «Ертіс мәселесі» Қытай жағынан табиғатты жасылдандыру мақсатында ғана деген алдарқатумен аяқталғаны есімізде. Ол кезде Іленің бас жағындағы әлгіндей таңғажайыптар ешкімнің ойына келмеген болатын. Бұдан кейінгі келіссөздер инвестиция тарту, қарыз алу, одан қалса Шанхай ынтымақтастық одағы сияқты одақтардың заңнамалық актілерін заңдастырудан аспай келе жатыр. Елгезек оқырманның мәліметінше, бір ғана Қас өзенінің Ілеге қосылатын жеріне дейін 17 жерден кен орындары ашылмақшы екен. Ертең соның жуындысы Балқашты Сорбұлаққа айналдырып жібермесіне кім кепіл? Жиырма жылдық өтпелі кезеңнен енді есін жиған кәсіпкерлеріміз миллиондаған қарызға батып, Балқашты айналдыра балық өңдеу орындарын ашып жатыр. Оның бірі — Балқаш ауданы, Қарой ауылында былтыр пайдалануға берілген балық зауыты. Мамандандырылмаған жұмыскерлер дайындаған алғашқы өнімі жарамсыз боп қайтып келіп, зауыт иелерін зор шығынға батырды. Қас үш өзеннің ең үлкені екенін жергілікті халық растап отыр. Туннель іске қосылған күннен бастап Қапшағай демалыс орындарының да жағдайы белгілі болмақ. Қысқасы, өз мақсатын мысықтабандап іске асырып келе жатқан Қытай қаһарына мінсе, оны орыстың қаруы да қорқыта алмайды.

Қытайдағы бауыр шүршіттеніп бара жатыр...

Біз өзін белгілі бір себептерге орай суретке түсірмеуді өтінген Мұстафадан Қытайдағы қандастарымыздың хал-жағдайын да сұрадық.

— Бір сүйсінгенім, шеттегі 2 миллион қандасымыз біздей емес, қазақ тілінде хабар тарататын төрт телеарнаның екеуін тәулік бойына толық қазақша сайратып, ана тілінің бұлағынан рахаттана сусындап отыр. Халықтың әлеуметтік ахуалын журналистері ел ішін аралап жүріп жиі хабарлайды екен. Қыстың қатты болғаны, кімге қандай зиян келгені, алға қарай дамудың тиімді жолдары — бәрі-бәрі тиянақты айтылып, сарапталатынын көріп жақсы әсер алдым. Ал бізде қалай? Телеарналар күннен-күнге қазақ тілінің мәртебесін молайту орнына орысшаланып бара жатыр. Негізі, қазақтар Іле-қазақ облысына жататын үш аудан — Алтай, Шәуешек, Құлжада көп тұрады. Ресми мәлімет бойынша, Іле-Шыңжаң автономиясында 23 миллион халық бар. Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романынан оқығанымдай, Қытайда мемлекеттік қызметкерлер ресми халықтық санаққа кіргізілмейді екен. Өйткені оларға халықты көп қылып көрсеткен тиімсіз ғой. Ал енді ең қиыны — қазақтар қытай тілін білмесе жұмысқа алынбайды екен. Құлжада бір шаштараз қызбен таныстым. «Осы жұмысты қытай тілін жақсы білгеннен кейін ғана істеп отырмын, аға», — деді қаракөз қарындасымыз. Құлжадан 180 шақырым жердегі шалғай ауылдағы қызымен қытайша сөйлесіп отырған туысымның үйінде болып, жағамды ұстадым. Қызы 5-сыныпта үздік оқиды, алайда бір ауыз қазақша білмейді. Қонаққа шақырған үйдің ауласындағы 3-4 жасөспірім баланың бір-бірімен қытайша сөйлескенін көріп, түңіліп кеттім. Қытайландыру саясатының салмағы басып, қандастарымыз шүршіттеніп бара жатыр. Мектептердегі қостілділік деген бос сөз, сондықтан ханзуша әліпті таяқ білмейтіндер тарихи отанына қарай жылыстай бастайтын көрінеді. Бірақ, оларды да құжат толтыру, виза ашу машақаттары әбден қажытып жіберген тәрізді. Екі айдан бері виза аштыра алмай, сол үшін тіпті: «Тарихи отаны құрысын!» — деп қолын бір сілтеп кетіп бара жатқандармен қарсы ұшырастым. Баяғы әлгі бір жарым ғасыр ел басқарған Мұғали атамыздың ұрпақтары секілді бұлардың да қытайлануға бет алғаны — ащы шындық. Қазақтың елшілігіндегі ағайындарға да осы жақтағыдай сыбайлас жемқорлық ұрық салған секілді. Күніне топырлаған 200 адам кезекке тұрса, соның тек 10-ы ғана құжатын жасайды екен. Қалғандары сарсылып, сарылып, тұрып-тұрып үйлеріне қайтатын көрінеді. Елшілік отырған ғимараттың өзі суреттеуге келмейтін ұятты жағдайда. Ауылдарда түнге қарай сауда жасайтын үйлердің терезелері сияқты терезелерден құжат қабылдайды. Ол жақта төте жазуды көрудің өзі арман. Көшедегі маңдайшаның бәрі қытайша. Бірде-бір газет-журнал оқи алмадым. Қырғызстанға барсаң, кириллица арқасында бүкіл ішкі жағдайын баспасөзінен оқып таныса бересің. Қытайдағы қазақтар осында келсе кириллицадан қиналады. Жалпы, екі жақтағы қазақтың тез араласып кетуіне осы жағы да үлкен бөгет салып тұр. Екі мемлекет арасындағы мәдени алмасу шараларының жоқтығынан қазақстандық өнер майталмандары тек жеке қалталы азаматтардың коммерциялық мақсатпен шақыруының арқасында ғана Қытайға әрең шығып жүр. Соған қараған-да, Қытайдағы қандастарымыздан тірідей айрылу қаупі жоқ емес. Керісінше, 5 миллионнан аса халық тұратын Үрімжідегі ұйғырлардың жағдайына қарап олай айта алмайсың. Алып мегаполистің қарқынды экономикалық-инновациялық жолға біржола көшкенін 62 қабатты үйлерін көргеннен-ақ түсіне беріңіз. Өндірісі қатты дамығаны сонша, сауда базарлары біздегідей көшелерге емес, 7-8 қабатты зәулім ғимараттарда орналасқан. Тіл мәселесі қазақтарға қарағанда әлдеқайда алда. Былтырғы дүрбелеңнен кейін қытай үкіметі біршама санасып, ұйғырларды жұмысқа алып, еңбекақыларын кішкене жоғарылатып деген сияқты қимылдар жасаған. Қазақтар сияқты емес, ұйғырлар тойхана, қонақ үйлерін ұлттық нақышқа бояп, ұлттық киімдер киіп, ұйғырша сөйлеп, еркін жүр. Біртүрлі Ұйғыр мемлекетінде жүргендей әсер аласың. Қазақстандағы жарты миллионға жетпейтін ұйғырдың 10 миллион қазақтан асып түсетін тәуелсіздікке деген махаббаты сол жақтағы қалың ұйғырдың әсері екенін көзіммен көріп қайттым.

30.07.2010

Гүлжанат Шонабай

Айдар бойынша ең көп оқылатындар

Тіл бағдарламасының орындалуын тіл жанашырлары бақылауы қажет

 Diğer Başlıklar
Кадр тапшылығы мәселeсін Үкімет дерeу қарастыруы кeрeк
Ұлттық құндылықты дәріптейтін бағдарламаны енгізуге не кедергі?
Тіл бағдарламасының орындалуын тіл жанашырлары бақылауы қажет
«Қазақстан-Zaman» тағы да Нұрлы көш ауылында
Тіл тазалығымен алдымен журналистер күрессін!
Құйттай қоқыс үлкен қоқыстың бетін ашты
«Шымбұлақ» Азия ойындарына дайын ба?
Қытай Іле мен Ертісті бөгесе, ұлардай шулап қаламыз!
Оралхан Бөкей байқауында орыс қызы үздік атанды
Ардагерлeр тұрғын үйін жекешелeндіре бастады
«Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды-ау»
2700 метр биіктегі Асы жайлауына нұр себелeп тұр!

Ең көп оқылытын хабарлар

Адамның соңғы сапары аста-төкпен өлшенбейді
Ұлттық құндылықты дәріптейтін бағдарламаны енгізуге не кедергі?
Алаштың абыройы болған Ата Заңға – 15 жыл
Мәңгүрт Ұлтсызовтардан Құдай сақтасын!
Қазақтың саф алтынының қызығын кім көріп отыр?
Есірткі тасымалы есіріп тұр
Кадр тапшылығы мәселeсін Үкімет дерeу қарастыруы кeрeк
Ресей мен Беларусь мысық пен тышқан ойнасын, ал біз ше?
Қадір түнін қалай қарсы аламыз?
Бушер АЭС-і іске қосылды