Әзірбайжанның сыртқы істер министрі Алматы кездесуін нәтижесіз аяқталды деп мәлімдеді. Армяндар болса, «ЕҚЫҰ әзірбайжандарға сары қарта көрсетті» деп мәз болып отыр. «Алматыда өткен ЕҚЫҰ -ның бейресми саммиті ЕҚЫҰ Минск тобы миссиясының масқара болып тәмамдалғанын көрсетіп берді. ЕҚЫҰ қа-ны тамып тұрған қақтығыстарды реттеумен ғана айналысады. Әзірбайжан өз жерін қайтару үшін Қарабақ сепаратистеріне қарсы әскери күш қолдануға мәжбүр. Соғыс алдағы қараша айында басталады деп ойлаймын», – дейді саяси инновация және технология орталығының директоры Мубариз Ахмедоғлы «Әзірбайжан жа-ңалықтары» атты агенттікке берген сұхбатында.
Әзірбайжанның жоғары мінберлерінен жаугершілік ұрандары жиі көтеріліп келеді. Мәселен, Әзірбайжан қорғаныс министрі Элдар Сабироғлы армяндардың қоқан-лоқысына жауап ретінде «Жауға ұлтарақтай да жер берілмейді» деп мәлімдеді. «Әзірбайжан армиясында жоғары әскери рух бар. Моральдік-психологиялық ахуал жоғары деңгейде. Бұған әскери-техникалық жабдықтарды қоссақ, біздің әскеріміз қысқа мерзім ішінде Әзірбайжанның территориялық тұтастығын қалпына келтіре алады», – деп мәлімдеді Э.Сабыроғлы. Мұның алдында Әзірбайжан президенті «оккупацияға түскен жерлерді әзірбайжан армиясы азат ететін болады» деген еді. Сондай-ақ, ол Таулы Қарабақтың ешқашан тәуелсіздік алмайтынын қадап айтқан.
Мубариз Ахмедоғлының пікірінше, ЕҚЫҰ-ның Минск тобы 18 жыл бойы Арменияның айтқанын орындаумен болған. «Бұл – армян оккупациясындағы жерлерді азат ету үшін Әзірбайжанды әділетті соғыс бастауға итермелеу деген сөз», – дейді ол. Баку саясаттанушыларының тұжырымдауынша, Алматы саммиті Әзірбайжан үшін мынадай қорытынды жасауға мәжбүрлеген: армяндар басып алған әзірбайжан территориясынан әскерін шығаруға ешқашан келіспейді, сондықтан соғыстан басқа жол қалған жоқ.
АҚШ пен Ресей соңғы келіссөз кезеңінде, ЕҚЫҰ Минск тобы секілді, Қарабақтан әскерді әкетуге шақырған. Ереван бұған құлақ аспады. Армения жағы Таулы Қарабақ мәртебесін шешуде ұдайы Мадрид принциптерін бірінші орынға қойып келеді.
Алдағы үш ай бойы маңызды кездесулер өтеді. Бұл қақтығысты дипломатиялық жолмен шешудің ақырғы әрекеттері болмақ. Тамыз айында Ресей президенті Д.Медведев, қазан айында АҚШ президенті Барак Обама Ереванға барып, армян тарапын басып алған жерлерді қайтарып беруге үгіттемек. «Егер Ресей мен АҚШ президенттері әрекетінен ештеңе өнбесе, біз басқа не күтуге тиіспіз. Ендеше, қазан айының аяғы мен қараша айында әскери қимылға көшуіміз ықтимал. ЕҚЫҰ Әзірбайжан жерін басып алғаны және келіссөз процесін бұзғаны үшін Арменияны бір ауыз сөзбен де сынаған жоқ. Әзірбайжан жері армян оккупациясынан тек қана әскери жолмен азат етілетініне күмәнім қалмады», – дейді Мубариз Ахмедоғлы.
Соғыс өрті бұдан да ертерек тұтанып кетуі әбден мүмкін. Бұл үшін армян сепаратистерінің аз ғана себеп тауып беруі де жеткілікті.
Әзірбайжан саясаттанушысы Расим Мұсабековтің пікірінше, Алматы саммитінде, армян басылымдары айтып жатқандай, Әзірбайжанға сары қарта көрсетілген жоқ. Шындығында, Ереванға мемлекет шекарасын күшпен бұзуға болмайтыны жөніндегі Хельсинки принциптерінің сақталуын көзге шұқып көрсеткен. Армяндар ұлттың бостандық алу қағидаларын алдыға тартумен келеді. ЕҚЫҰ-ның Минск тобы төрағалары мұны қолдамаған. «Ұлттың бостандығы құқығына келетін болсақ, мемлекет шекарасының бұзылмастығы шеңберінде ішкі бостандық берілуі мүмкін. Бұл мемлекеттен толық бөліну деген сөз емес. Алматыда болған жағдай армяндардың көңілінен шыға қоймас», – дейді Расим Мұсабеков.
Әзірбайжанның Қауіпсіздік және қорғаныс ассоциациясы төрағасы Яшар Джафарли болса: «Біз үшін – халық үшін де, мемлекет үшін де ең абыройлысы Қарабақ проблемасын әскери жолмен шешу болмақ. Қарабақтың ауыртпашылығын келесі буынның мойнына артпай, біздің буын шешу керек», – дейді. Яшар Джафаров та Алматыдағы келіссөздерді «құрдымға кету» деп атады.